Испаниялық футболшы алматылық «Қайратқа» қосылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қайрат» футбол клубы испаниялық шабуылшы Марк Гуальмен келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.
Келісім 2027 жылдың соңына дейін жасалған. Шабуылшының жасы 30-да, бойы - 184 см.
«Қайрат» мәліметінше, Марк Гуаль Каталониядағы Бадалона қаласында дүниеге келген. Ол «Бадалона», «Барселона», «Эспаньол» клубтарының академияларында тәлім алған. Кәсіби мансабында «Севилья Атлетико», «Сарагоса», «Жирона», «Реал Мадрид Кастилья», «Алькоркон» клубтарының намысын қорғады.
2022 жылғы көктемде Гуаль польшалық «Ягеллонияға» ауысқан. 2022/23 жылғы маусым қорытындысында Польша чемпионатының үздік сұрмергені атанып, Экстраклассаның ең үздік шабуылшысы деп танылды. 2023 жылғы жазда варшавалық «Легия» сапына қосылып, клубпен бірге Польша Кубогы мен Суперкубогын жеңген.
- 2024/25 жылғы маусымда барлық турнирде 19 гол соғып, команданың үздік сұрмергені атанды. Оның ішінде УЕФА Конференция лигасында 7 мәрте мергендік танытты. Шабуылшының соңғы клубы Португалия чемпионатының жоғарғы дивизионында өнер көрсететін «Риу Аве» болды, - деп хабарлады алматылық клуб.
Сондай-ақ Марк Гуаль Испания U-21 жастар құрамасы сапында үш матч өткізген.
Еске салайық, Дастан Сатпаев осы айда «Қайрат» сапындағы соңғы матчтарын өткізеді. Кейін қазақстандық футболшы «Челси» сапына қосылады.