Испаниялық инвесторлар Маңғыстауда күн және жел электр стансасын салмақ
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Sistemecs Engineering and Construction компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инвесторлар Маңғыстауда бірқатар жобаларды қаржыландыруға ниетті.
«Инвестициялық саясат - бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ұстанған негізгі саясаттарының бірі. Бізде еркін экономикалық аймақ алаңы жұмыс істеуде. Аталған аймақтың шарттарымен және артықшылықтарымен танысуды ұсынамын. Біз сіздермен осы бағытта жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Бүгін біз Systemecs Engineering and Construction компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Sistemecs Engineering and Construction компаниясы өңірде бірқатар жобаларды іске асыру, қаржыландыру және жабдықтау қызметін ұсынып отыр. Олардың қатарында тәулігіне 10 мың текше метр теңіз суын тұщытатын станса құрылысы, 50 мВт баламалы электр стансасын (күн және жел энергиясынан қуат алатын) салу, Маңғыстау, Атырау, БҚО, Ақтөбе облыстарына, сондай-ақ көрші мемлекеттерге қызмет көрсетуге арналған аймақтық медициналық кешен құрылысы бар. 