Испанияның Сеута қаласында шекараны заңсыз кескен 13 мың мигрант бар
АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның Сеута қаласында шілде айының соңында шекараны заңсыз кесіп өткен шамамен 13 мың мигрант қалып отыр. Олардың 2,1 мыңға жуығы кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды Euronews.
Испанияның Жастар және балалар істері министрі Сира Регоның айтуынша, тіркеуден өткен кәмелетке толмаған мигранттардың арасында 700-ге жуық қыз бала бар. Алайда билік балалардың бір бөлігі әлі де анықталып, есепке алынуы керек екенін атап өтті.
Министр автономды қалаға түсетін жүктемені азайту үшін кәмелетке толмағандарды Испанияның материктік бөлігіне көшіруді жеделдетуге шақырды. Сонымен қатар билік Мароккодағы отбасыларына оралғысы келетін балаларға қатысты құжаттарды дайындауды бастады. Мұндай істерді жедел тәртіппен қарау жоспарланып отыр. Алайда алдымен баланы қабылдауға дайын отбасының бар-жоғын растау қажет.
Сеутадағы жағдай әлі де шиеленісті. Euronews мәліметінше, қалада қақтығыстар мен адамдарды ұстау оқиғалары күн сайын дерлік болып жатыр. Бір күн бұрын полиция сегіз адамды ұстаған.
Испания билігі мигранттарды бастапқы іріктеу және тексеру үшін қосымша орындар ашу мәселесін де талқылап жатыр. Бұл халықаралық қорғауға құқығы және Испанияда қалуға заңды негізі жоқ адамдарды елдеріне қайтару рәсімін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сеута үкіметінің мәліметінше, қалада 30-31 шілдеде шекараны заңсыз кесіп өткен шамамен 13 мың ересек және кәмелетке толмаған мигрант әлі қалып отыр. Олардың шамамен 11 мыңы — ересектер.
Халқы шамамен 84 мың адам болатын қала үшін мұнша мигранттың келуі Сеутадағы тұрғындар мен басқа да адамдардың жалпы санын 15 пайыздан астамға арттырды. Билік мигранттарды орналастыру үшін қазірдің өзінде шамамен 3,4 мың орын дайындаған. Бұл көрсеткішті алты мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Испанияның Ұлттық соты шілде айының соңында мигранттардың Сеутаға жаппай өтуіне байланысты қылмыстық тергеу бастады.