Ыстамбұл – Алматы рейсінің жолаушылары діттеген жерлеріне уақытылы жете алмады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Air Astana әуе компаниясының Ыстамбұл-Алматы бағыты бойынша 22 желтоқсанға жоспарланған KC912 рейсі ұшпай қалды.
Air Astana компаниясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жоспарланған рейіс ұшақ қозғалтқыштың техникалық ақауына байланысты кейінге шегеріліп, кейін ұшпай қалды.
– Сол күні әуе компаниясы жолаушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, қонақүйге орналастырды. Кеше жолаушыларға үш мезгіл тамақ пен сусын берілді. Әуе компаниясы кейбір жолаушыларды басқа авиакомпаниялардың рейстеріне қайта брондады, ал кейбірін кешегі тұрақты рейспен жіберді,– деп атап өтті компаниядан.
Қазір 149 жолаушының төртеуі қалды. Олар бүгін кешке ұшады.
Осыған дейін Мәжілістегі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатында Питер Фостер Flyarystan билеті құнына қатысты пікір білдірген болатын.