Ыстанбұл ауданының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда оппозициялық Республикалық-халық партиясы өкілінің ұсталуына қатысты жаңа саяси жанжал өршіді, деп жазады Kazinform меншікті тілшісі.

Күш құрылымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды операциясы аясында Бешіктас ауданының басшысы Рыза Ақполат пен тағы 47 адам, оның ішінде Белташ муниципалды компаниясының қызметкерлері және басқа да күдіктілер ұсталды. Ұсталғандарға қылмыстық топ құру, пара алу және мемлекеттік тендерлер арқылы алаяқтық жасады деген айып тағылды.
Тергеушілер кәсіпкер Азиз Ихсан Ақтас бастаған топ өз компанияларының жеңіске жетуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу процесін бұрмалағанын айтады. Жергілікті әкімшілікпен тығыз байланысы бар Beltaş компаниясы тергеу ортасында болды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тінту мен тексеру барысында тендер өткізуде көптеген заң бұзушылықтар анықталған.
Алайда оппозициялық партия өкілдері, оның ішінде партия төрағасы Озгюр Озель мен Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглу биліктің әрекетін қатаң сынға алды. Олар бұл істі саяси астары бар және сайлау қарсаңында оппозицияның беделін түсіруге бағытталған деп атады. Имамоглының айтуынша, бұл оппозициялық муниципалитеттерге қарсы жүйелі түрде күш салудың бір бөлігі, оның орнына олар жемқорлықпен күресуде және қалалық инфрақұрылымды жақсартуда айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Рыза Ақполаттың жақтастары да бұл айыптаулар Ыстанбұлдың маңызды аудандарының біріндегі партияға деген сенімге нұқсан келтіру үшін қолданылған әрекет деп санайды. Соңғы жылдары оппозициялық партия елдің ірі қалаларында, соның ішінде Ыстанбұл мен Анкарада өткен сайлауда жеңіске жетіп, өз ұстанымын нығайтты.
Ал, билік бұл тергеудің тек заңды сипатта екенін және күдіктілердің саяси көзқарасына қарамастан сыбайлас жемқорлықты ашуға бағытталғанын алға тартады.
Рыза Ақполаттың қамауға алынуы Түркиядағы ең танымал оқиғалардың біріне айналып, қоғамда және БАҚ-та қызу пікірталас тудырды. Шенеунікті қолдаған адамдар көшеге шығып, наразылық білдірді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Түркияның қару-жарақ зауытында жарылыс болып, 12 адам қаза тапқанын жазған едік.