Ыстанбұл қалалық мэриясының 31 қызметкері қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұл бас прокуратурасы қалалық мэрияның 47 қызметкерін қамауға алуға ордер беруді мақұлдады. Олар пара алу және бопсалау бабы бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды Haberturk.

Ұсталғандар ісі қаланың бұрынғы мэрі Экрем Имамоглуға қатысты қозғалған сыбайлас жемқорлық ісінің аясында жүргізіліп жатыр.
Телеарнаның мәліметінше, қазірдің өзінде 31 адам қамауға алынған. Олардың арасында Ыстанбұлдың екі ауданы – Бешикташ пен Буюкчекмедженің басшылары бар. Тергеу мәліметтері бойынша, Буюкчекмедже қаласының мэрі Хасан Акгун мен оның шенеуніктері компанияларды виллалар мен пәтерлерді «сыйға» беруге немесе оларды жергілікті аттас баскетбол командасына «демеушілік жасауға» мәжбүрлеген. Бұл талаптарды қабылдамаған кәсіпкерлерге мэрия қызметкерлері құрылысқа рұқсат бермегені атап өтіледі.
Бұл қамауға алудың бесінші толқыны екені хабарланды. Наурызда Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглу сыбайлас жемқорлық пен 560 миллиард түрік лирасын құрайтын алаяқтық, сондай-ақ Күрдістан жұмысшы партиясымен ынтымақтастық жасады деп айыпталған болатын. Ол жұмыстан босатылып, қамауға алынды.