Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қызға қатысты СІМ түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық қыздың қаза тапқанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол балконнан көршілес ғимараттың шатырына өтпек болған кезде биіктіктен құлаған. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі хабарлады.

ҚР СІМ
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланысып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Оқиға 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Түркиялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қыз алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көршілес ғимараттың шатырына өтпек болған. Алдын ала болжам бойынша, ол екі ғимараттың арасындағы қалқаға басқан кезде, құрылым оның салмағына шыдамай, қыз екінші жерасты қабатының деңгейіне құлап кеткен. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтады.

Марқұм Түркияға қыркүйек айында туристік визамен барған. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайы Түркияның құзырлы органдарымен бірлесіп анықталып жатыр. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Еске салайық, қыркүйек айының соңында Сеул қаласында құрылыс алаңында қазақстандық азаматтың қаза тапқаны хабарланған еді.