Ыстанбұлда туристер отбасының өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлда туристер отбасының қазасына қатысты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды DW.
Түркияның Ыстанбұл қаласында қонақүйде инсектицидтен уланып қаза тапқан Германияның Гамбург қаласынан келген туристер отбасы ісі бойынша сот үкім шығарды.
Сот алты айыпталушының төртеуіне нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Зиянкестерге қарсы өңдеу жүргізген компанияның иесі мен оның ұлы 18 жылдан бас бостандығынан айырылды. Компанияның тағы бір қызметкері 12 жыл 2 айға, ал қонақүйдің басқарушысы 13 жыл 4 айға сотталды. Ал қонақүйдің екі әкімшісі ақталды.
Сот отырысына қатысқан марқұмдардың туыстары шығарылған үкімді құптаған. Ал айыпталушылардың қорғаушылары бұл оқиғада қылмыстық ниет болмағанын айтып, оларды ақтауды талап етті.
Еске салайық, 2025 жылдың қараша айында Гамбургтен келген төрт адамнан тұратын отбасы Стамбұлдағы демалысы кезінде улану белгілерімен ауруханаға жеткізіліп, кейін көз жұмған болатын.
Бастапқыда жергілікті билік туристер көшедегі тағамнан уланған болуы мүмкін деп болжап, бірнеше көше тағамын сатушыны уақытша ұстаған еді.
Алайда кейін жүргізілген сараптама олардың фосфин газынан уланғанын анықтады. Бұл улы газ қонақүй бөлмесін зиянкестерден өңдеу кезінде қолданылған.
Мамандардың мәліметінше, фосфин газымен уланған жағдайда өлім-жітім көрсеткіші 40–80 пайыз және оған қарсы арнайы у қайтарғы жоқ. Еуропа елдерінде, Түркиядан айырмашылығы, фосфинді еркін сатуға және пайдалануға тыйым салынған.
Айта кетелік Түркияда азық-түліктен улану жағдайы жиілеп баратыны туралы жазған едік.