Ыстанбұлдағы келіссөзде Ресей Украинаға бес шарт қойды
АСТАНА.KAZINFORM - Ыстанбұлда Украинамен өткен келіссөзде Ресей өзінің негізгі талаптарын айтты. Бұл туралы Ресей делегациясының өкілі Владимир Мединский мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform Clash Report-қа сілтеме жасап.

Мәскеудің негізгі шарттары мыналарды қамтиды:
1. Украинаның бейтарап мәртебесі. Киев Аустриядағыдай бейтараптық үлгісін ұстанып, өз территориясына шетелдік әскерлер мен жаппай қырып-жою қаруын орналастырудан бас тартуы керек.
2. Репарациядан бас тарту. Екі тарап жанжал кезінде келтірілген зиянды өтеу туралы өзара талаптардан бас тартуға міндеттенеді.
3. Орыс тілді халықтың құқығын қорғау. Украина ұлттық азшылықтың құқықтарын қорғаудың еуропалық стандарттарын қабылдауы және «ұлтшылдық насихат» деп мәлімдегенді тоқтатуы керек.
4. Территорияны мойындау. Киев Ресейдің бес аймақтағы егемендігін мойындауы керек: Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье және Қырым. Мәскеу де бұл аумақтық өзгерістерді халықаралық мойындауды талап етеді.
5.Тез арада атысты тоқтату. Украина Ресей өз юрисдикциясының бір бөлігі деп санайтын барлық аумақтардан әскерін шығаруы керек.
Ыстанбұлдағы келіссөз Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс аясында өтіп жатыр. Украин тарапы айтылған талаптарға әлі ресми жауап берген жоқ.
Бұған дейін Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан тараптар қақтығысты шешу жолын өз бетінше анықтауы керектігін атап өткен.