Ыстанбұлдағы мектепте оқушы қыз шабуыл жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлдағы мектептердің бірінде оқушы қыз пышақ ала жүгіріп, сегіз адамды жарақаттады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Ыстанбұлдағы мектепте оқушы қыз шабуыл жасады
Фото: ntv.com.tr

Оқиға Ыстанбұлдың Башакшехир ауданындағы Каябашы елді мекенінде орналасқан Шейх Шамил атындағы мектепте болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Кючюкчекмедже ауданындағы мектептердің бірінде 10-сыныпта оқитын қыз бұрын білім алған мектебіне мектеп формасымен келіп, оқушыларды пышақтамақ болған.

Хабар түскеннен кейін полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына жетті. Жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді. Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоглу сегіз зардап шегушінің екеуі ауыр халде жатқанын, олардың бірінің жағдайы өте ауыр екенін мәлімдеді.

Түркияның басылымы күдікті қыздың бұған дейін осы мектепте оқығанын хабарлады. Сондай-ақ оның психологиялық мәселесі болуы мүмкін деген болжам бар.

Шабуыл болғанын естіген оқушылардың ата-анасы мектеп алдына жиналды. Олар оқу орындарына бөгде адамдардың еркін кіре алатынына алаңдап, наразылық білдірді.

Оқиғадан кейін мектеп маңында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тергеу басталды.

Бұған дейін Түркияда мектеп мұғалімі қарулы шабуылдан қаза тапқанын жазған едік.