Ыстанбұлдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлда нөсер жауын салдарынан ауқымды су тасқыны болып, көлік қозғалысы бұзылды, тұрғын үйлер мен ауруханаларды су басты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Число погибших при наводнении в Стамбуле достигло четырех
Фото: trthaber.com

Түркияның Milliyet басылымының мәліметінше, Ыстанбұлда толассыз жауған жаңбыр салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы жеті адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Түркия билігінің дерегіне сәйкес, қаланың жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері шаршы метріне 272 миллиметрге жеткен.

Су тасқыны мегаполистің бірнеше ауданын қамтыды. Су тұрғын үйлерге, ауруханаларға, сауда орталықтары мен метро станцияларына кірген. Су басқан жолдарда көліктер тұрып қалды, ал қолайсыз ауа райы әуежайлардың жұмысына кедергі келтірді. Алтын Мүйіз шығанағындағы су нөсерден кейін қоңыр түске боялған.

Бейкөз ауданында салынып жатқан мектеп аумағындағы құдықтан суды сорып шығарып жатқан жұмысшы Фаик Шентүрк құдыққа құлап, қаза тапты. Сарыер ауданында Кягытхане өзені арнасынан тасып шыққан. Көпір астынан аударылған көлік табылды. Ал Кягытхане ауданындағы Садабад саябағы маңынан Аязага ауданынан су ағынымен ағып кеткен болуы мүмкін ер адамның денесі табылды.

Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчидің мәліметінше, Ыстанбұлда қолайсыз ауа райына байланысты 8 815 өтініш тіркелген. Құтқару қызметтері су басқан аумақтардан 2 727 адамды эвакуациялады. Қалада түрлі ведомстволардың 46,5 мыңнан астам қызметкері, 2,2 мыңнан астам көлік құралы және 14 қайық жұмылдырылған. Қазір табиғи апат салдарын жою және келтірілген шығынды бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Билік Ыстанбұлда және Мәрмәр теңізі өңіріндегі басқа да провинцияларда тағы да қатты жаңбыр жаууы мүмкін екенін ескертті. Қолайсыз ауа райына байланысты Ыстанбұл мектептерінде сабақ екі күнге, ал бірқатар басқа провинцияда бір күнге тоқтатылды.

Тұрғындарға өзен арналарына, су басқан жерасты өткелдеріне және басқа да қауіпті аумақтарға жақындамау, сондай-ақ аса қажеттілік болмаса, жолға шықпау ескертілді.

Метеорологиялық қызметтің болжамынша, өңірде алдағы бірнеше күнде ауа райы салқын әрі жаңбырлы болады.

Бұған дейін нөсер жауын мен қолайсыз ауа райына байланысты Ыстанбұлда мектептер жабылып, мотоцикл қозғалысына тыйым салынғанын жазған болатынбыз.