Ыстанбұлдағы түнгі клубқа граната лақтырылды: зардап шеккендер бар
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлдың еуропалық бөлігінде орналасқан Кягитхане ауданында түнде клубтардың біріне қарулы шабуыл жасалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, сол кезде келушілер жүрген ғимаратқа белгісіз біреулер қол гранатасын лақтырған.
Жарылыс салдарынан жеті адам зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Зардап шеккендер тез арада жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді, оларға әлі де медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Оқиға орнына дереу полиция күштері, арнайы жасақ және жедел жәрдем бригадалары жетті. Аймақ әлі қоршауға алынған, тергеу жүріп жатыр. Тергеу органдары мен қауіпсіздік қызметкерлері бейнебақылау камераларының бейнежазбаларын зерттеп, оқиға куәгерлерінен жауап алып жатыр.
Шабуылдың себептері әлі белгісіз. Билік өкілдері лаңкестердің қатысы барын, қылмыстық төбелесті де жоққа шығармайды. Билік оқиғаның егжей-тегжейін бастапқы тергеу аяқталған соң жариялауға уәде берді.
Қала тұрғындары мегаполистегі зорлық-зомбылықтың өсуіне алаңдаушылық білдіріп, әсіресе қоғамдық және ойын-сауық орындарында қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етіп отыр.
Осыған дейін Түркия қонақүйлердің жаппай жабылуы туралы қауесетті жоққа шығарғанын жаздық.