Ыстықтан қалай қорғануға болады – дәрігер кеңесі

Аптап ыстық
Фото: Euronews

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бастан күн өту – бұл көбіне жаз мезгілінде болады. Ол күн сәулесінің бас аймағына тікелей әсер ету себебінен туындайды. Бұл туралы туралы Алматыдағы №18 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Улмира Рахматулла айтты.

Дәрігердің сөзінше, күн өткен кезде тыныс алу қиындап, дене қызуы көтеріліп және бас қатты ауырады.Сондай-ақ кейбір жағдайда адамдар естен танып қалуы мүмкін. 

«Бұл күй аптап ыстық кезінде сағат 11-16 аралығында күн астында ұзақ болудан туындайды. Сондықтан жағажайда, бау-бақшада немесе жаттығу кезінде де күн өтуі мүмкін. Күннің тікелей сәулелері салдарынан бас ысып, бас миының бөліктері қызып кетеді. Мұның барлығы артериалық қысымның көтерілуіне себеп болады. Ал бұл жағдай ұсақ тамырлардың үзілуіне, орталық жүйке жүйесі мен адам ағзасы үшін маңызды функциялардың бұзылуына себеп болады», - деді дәрігер.

Бұл жағдайда дұрыс алғашқы көмек көрсету маңызды.

«Әсіресе, жүкті әйелдер мен балаларға қатты әсер етеді. Кішкентай балалар ересектер сияқты дене температурасын тиімді реттей алмауы мүмкін. Ондай жағдайда, дымқыл матаны денесіне жауып, маңдайы мен желкесіне дымқыл орамал қойған абзал. Салқын су (суық емес) беру қажет», - деп атап өтті дәрігер. 

Күннен қорғану үшін бірнеше кеңес:

– Денеге түсетін физикалық күшті шектеу;
– Салқындату үшін кондиционерді немесе желдеткішті пайдалану;
– Үстіңізге ашық түсті киім кию;
– Көлеңке жерлермен жүру;
– Суды көп ішу. Алкоголь мен кофеден аулақ болған дұрыс, өйткені олар сусыздануды арттырады;
– Өзіңізді нашар сезінсеңіз, дереу медициналық көмекке жүгінген абзал.

Алматы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, маусым айының басынан бері аптап ыстық пен күн өтуге 16 адам медициналық көмекке жүгінген, оның 5-і бала.

Соңғы жаңалықтар
telegram