Ит асырауға салық енгізу ұсынысын әлі зерттеу керек - ҰЭМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ит асырауға салық енгізу мұқият талдау мен талқылауды қажет етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті.

 ит асырау
Фото: pixaby

Айта кетейік, жақында Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бірқатар еуропалық елді мысалға келтіріп, Қазақстанда ит асырауға салық енгізуді ұсынды.

— Кез келген ұсыныс, яғни қандай да бір жаңа салықты енгізу - терең талдауды қажет етеді. Ең алдымен, бұл жөнінде талқылау керек. Екіншіден, бұл салықтың мақсаты – иттерді бағу немесе бұралқы иттер санын азайту. Бірақ, бұл жағдайда салықты енгізу – керісінше, ит асырамау тетігін ынталандыратын сияқты. Себебі ол үшін салық төлеу керек болады. Сондықтан бұл жерде көптеген сұрақ бар, яғни жан-жақты пысықтау керек, - деді А. Әмрин.

Оның айтуынша, бұл бастама жаңа салық саясатына қайшы келеді.

— Жаңа Салық кодексі аясында, салық түрлерін азайту міндеті тұрды. Бұл тұрғыда салықтар мен алымдар санын 30 пайызға қысқартқанымызды білесіздер. Осы жағдайда жаңа салықты қосу дұрыс болмайтын шығар», - деді вице-министр.

Еске салсақ, жықанда Парламент Мәжілісі иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу нормасын енгізетін заң қабылдады.

 

Соңғы жаңалықтар