IT экспортының көлемі 1,1 млрд долларға жетті – Олжас Бектенов

АСТАНА.KAZINFORM – Елімізде цифрландыру және ЖИ салалары қарқынды дамып келеді. Бұл жөнінде ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекіту жөнінде ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.

Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, елімізде қазіргі таңда цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы, заманауи құқықтық негіз қалыптастырылды, яғни цифрлық кодекс, жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Парламент депутаттарына осы бағыттарда атқарылған ауқымды бірлескен жұмысы үшін алғысымды айтамын. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жарлығымен, Digital Kazakhstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді және Президенттің шешімі бойынша, биыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды, – деді ол.

Премьер-министрдің сөзінше, маман даярлау – өте маңызды мәселе. AI Sana бағдарламасы шеңберінде 1 миллионнан астам адам жасанды интеллектімен жұмыс істеу негіздеріне оқытылды. Бұл бағыттағы жұмыстар мектептерде, жоғары оқу орындарында ары қарай жалғасады.

Сонымен бірге Олжас Бектенов IT экспорты мәселесіне тоқталды.

– IT экспорты – экономикамыздың өте маңызды бөлігі. 2025 жылы IT экспортының көлемі 1,1 млрд долларға жетті. Бұл жақсы нәтиже деп айтуға болады. Мысалы, 2024 жылы бұл көрсеткіш 690 млн доллар болды, яғни бір жыл ішінде 60% өсті, – деді ол.

Соған қарамастан алдағы жұмыстар өте ауқымды.

– Жайбарақат отыруға болмайды. Нарықтағы бәсеке күннен- күнге күшейіп бара жатыр. Бізге де белсенді, пәрменді шаралар қабылдау керек, – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін елде жасанды интеллект бойынша халықаралық айна зертханасы құрылатынын жазғанбыз.