Ит пен мысығын есепке қоймағандарға қанша айыппұл салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 қыркүйектен бастап ит пен мысығын есепке қоймаған азаматтарға айыппұл салынады. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ит пен мысығын есепке қоймағандарға қанша айыппұл салынады

«10 мысығы, 5-6 иті болса да есепке қоюы керек. Бұл міндеттен жалтарғандар жауапқа тартылады. Себебі, адамдар өздерінің үй жануарларына жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Әкімшілілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 407-1, 407-2-баптарында жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. 1 жылдың ішінде есепке қоймағаны анықталған жағдайда айыппұл көлемі 2 еселенеді», - деді комитеттің бас сарапшысы елордада өткен брифинг барысында.

Айта кетейік, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап мысықтар мен иттерге чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болады.

Қазақстандықтар үшін электронды жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу – тегін. Дегенмен, чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.