ІТ саласын дамыту үшін мектеп қабырғасындағы білім сапасын жетілдіру қажет-Д.Шыныбеков
АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Сапалы ІТ мамандарын дайындау орта мектепте жақсы білім беруден басталуы тиіс. Сондықтан информатика пәні мен ағылшын тілін орта мектептерде тереңдете оқыту қажет. Бұл туралы бүгін «Alatay IT City» ақпараттық технологиялар паркінде Алматының үздік мектеп директорларымен кездесуі барысында Халықаралық ІТ университетінің ректоры Дәмір Шыныбеков айтты.
Оның айтуынша қазіргі кезде орта мектептерде пәндердің негізі жақсы қаланады, алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан бұл кемшілікті түзетуді жеделдету керек. Оның пікірінше информатика мен ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдеріне базалық кәсіби білім жетіспейді. «Өйткені бізде біліктілікті арттыратын мықты орталықтар жоқ. Бұл іспен жоғары оқу орындары айналысуда. Сондықтан бұл мәселе де қолға алынуы тиіс», -деді ол.