Ит түрмеден қашпақ болғандардың құпиясын ашты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грекиялық Корфу аралында ит қылмыскерлердің түрмеден қашып шығуына кедергі келтірді, деп хабарлады epochtimes.ru.
Ит саябақта иесімен бірге қыдырып жүрген. Жайсыз бірдеңені сезген ол түрмеге жақын жерде тоқтап, сол жерден кеткісі келмей айналшықтап жүріп алады. Бұдан секем алған иесі тап сол маңнан жер астында бір түрлі дыбыстар шығып жатқанын байқайды, ол бірден полицияға хабарласқан.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері түрме қанатынан шығатын 30 метрлік тоннельді тапқан. Түзеу мекемесінің осы бөлігінде ұзақ мерзімге немесе өмір бойы жазасын өтейтін 20-дан астам қылмыскер жатыр. Жер астындағы жолда полицейлер батареямен жұмыс істейтін желдеткіштер мен тағам салынған пластикалық қораптар тапты. Құқық қорғаушылар жазасын өтеушілер тоннельді бірнеше апта бойы қазған деп болжауда.