Итальян ауылының тұрғындарына өлуге тыйым салынды
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Италияның оңтүстігіндегі Фальчано дель Массико ауылының мэрі тұрғындардың өлуіне тыйым салды, деп хабарлайды Лента.ру La Stampa-ға сілтеме жасай отырып.
«Жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақтарына бұл әлемді тастап, о дүниеге аттануға тыйым салынады» делінген 5 наурызда күшіне енген мэр Джулио Чезаре Фаваның бұйрығында.
Мэрдің мұндай әрекетке баруына өзі басқаратын ауылдың аумағында зираттың, оған арналған жер телімінің жоқтығы себеп болыпты. Жуырға дейін ауыл тұрғындары Каринол атты көрші қалашықтың жерін пайдаланып келген. Фальчано ауылы 1964 жылы осы қаладан бөлініп шықса да, екеуінің зираты ортақ болыпты. Ұзақ уақыт бойы қала басшысы «зират көлемін үлкейтіп, бір бөлігін ауыл тұрғындарына береміз» деп келсе де, мәселе сиырқұйымшақтанып созылып кеткен. Сондықтан да басқа амалы қалмаған ауылдың мэрі осылайша «айды аспанға шығарып отыр».
Оның айтуынша, ауылдың өзіне дейінгі басшысы жаңа зираттың жобасын жасамақ болған, алайда оның қымбатқа түскені сонша, ауыл бюджеті жетпеген көрінеді.
«Менің бұйрығым - арандатушылық екенін мойындаймын. Алайда басқа амалым қалмады. Әрине, бұл мәселе адамдардың ашуын туғызды. Жергілікті тұрғындар бұйрыққа қарсы мыңдаған дауыс жинап үлгерді, алайда жергілікті жер қожайындары өздерінің учаскелерінен зиратқа орын бере батады» - дейді Фава. Ал Il Messagero сайты тұрғындар ауыл мэрінің шешімін қуана қабылдапты деп жазуда.
Не дегенмен, 5 наурыз күні ауылдың екі қарт тұрғыны мэрдің сөзін «тыңдамай», қайтыс болып кетіпті.
Ал Фава жуырда зират үшін ең қолайлы деген жер телімдерін таңдап, Каринол қаласының басшылары арасында қалған заңдық мәселелерді шешуге кіріспекші.
Джулио Чезаре Фава мамандығы бойынша кардиолог. Ол 3700-ден астам тұрғыны бар Фальчано дель Массико аулының мэрі болып 2007 тағайындалған болатын.