Итальяндықтар «Астана Опера» өнерін жоғары бағалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италиядағы «Астана Операның» Гала балеті демде өте шықты. Елордалық театрдың «Карло Феличедегі» гастролінің үшінші күнінде ине шаншыр жер болған жоқ. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Әлеумет әртістер билеген кезде олардың техникалық деңгейіне ғана емес, сондай-ақ актерлық шеберлігіне, ұлттық ерекшелікке таңдай қақты. Классикалық номерлермен қатар Галада, К. Күмісбековтің музыкасына қойылған Ғ. Бөрібаеваның хореографиясындағы «Биші қайың» және Н. А. Тілендиевтің музыкасына қойылған З. Райбаевтың хореографиясындағы «Ата толғауы» билері бар. Итальяндық көрермен өздері үшін таңсық қазақ билерінің орындалуын үлкен қызығушылықпен қадағалап, жарқыраған костюмдерге көз тойдырумен болды.
Гала балеттің бағдарламасын «Қыпшақтар биі» - А. Бородиннің «Игорь князь» операсынан көрініс аяқтады. Труппа барын салып биледі. Солистер бірнеше мәрте тағзым етіп, гүлін жаудырған көпшіліктің әр номер сайын шапалағы толастаған жоқ. Концерттен кейін олар қолтаңбаларын таратып, баспасөз өкілдерімен жүздесіп жатты.
Таңданысын жасырмаған итальяндық Паоло Марино есімді көрермен «Астана Опера» труппасының сапары Генуя қаласы үшін шынымен де маңызды оқиға екенін атап өтті.- «Біз бүгін кәсіби тұрғыда шыңдалған ұжымды тамашаладық деп есептеймін, қазір біз көбіне модернді тамашалайтындықтан, бұл бізде сирек қойылады, көптен бері сағынып жүрген классикалық балеттен біраз сусындадық», - деді ол.
Балетқұмар Тереза Греко «Астана Опера» труппасының өнеріне осымен екінші рет куәгер болғанын айтады. «Өткен кеште мен «Спартак» спектаклін тамашаладым, бишілердің деңгейі жақсы, әртістер қатарын бұзған жоқ, нық-нық және түзу қимылдады. Бүгін мен Гала балетте болдым, қазақ биі біз үшін бұрын-соңды көрмеген өнер екенін айтқым келеді, керемет екен. Қымбат костюмдер, ұлттық нақыштар, сән-салтанатқа көзің тоймайды. Труппаның шеберлігінде мін жоқ, мен тәнті болдым! «Астана Опера» ұжымына бүгінгі кеш үшін алғысымды білдіргім келеді», - деді Т. Греко.