Итальяндықтар «Мона Лизаны» Флоренцияға қайтармақ
АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Италияда Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» картинасын Франциядан Флоренцияға қайтару жөніндегі науқан басталды, деп хабарлады Лента.ру. Бүл туралы итальяндық ANSA агенттігі мәлім еткен.
Бұл полотно Францияда бес жүз жылға жуық уақыт болып отыр. «Мона Лиза» немесе «Джоконда» ( картинаның толық атауы - «Лиза дель Джокондо ханымның портреті») деп аталатын бұл ғажайып жәдігер Париждегі Лувр мұражайында екі ғасырға жуық уақыттан бері сақталып келеді. Италияның тарихи және мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитеті картинаны қайтару жөніндегі қозғалыстың бастаушысы болды. Комитет жинаған петицияға 150 мыңға тарта адам қол қойған.
Комитет басшысы Сильвано Винчети Францияның жаңа мәдениет министрі Орели Филиппетиге осы идеяны талқылау жөнінде өтініш жолдады. Ол шыққан тегі итальяндық Филиппети комитет басшылыққа алып отырған картинаны қайтару себебіне түсіністікпен қарайды деген сенімде. Әуелде картина Италияда 10 жылдан астам уақыт қана тұрған. Леонардо полотноны 1503-1505 жылдар аралығында жазған, ал 1516 жылы қайтыс боларынан үш жыл бұрын өзімен бірге Францияға алып кеткен.
Леонардо да Винчи қайтыс болғанға дейін Лиза дель Джокондоның портретін өзінде ұстады. XVI ғасырдың бірінші жартысында билеген француз королі Франциск І картинаны Леонардоның шәкірттері мұрагерлерінен сатып алған деп саналады. Портрет корольдік Фонтенбло қорғанында сақталған, одан кейін Людовик XIV оны өзінің жаңа резиденциясы - Версаль сарайына қойған, ал XVIII ғасырдың соңындағы француз революциясынан кейін картина мұражайға айналдырылған Лувр сарайына тап болды.
Картина Италияда жұртшылыққа бір рет қана көрсетілді. 1911 жылы «Мона Лиза» Луврдан ұрланып кетіп, екі жыл өткен соң Флоренцияда мейманханадан табылды. Полотноны Парижге аттандырар алдында ол Уффици галереясына (Флоренция) және Римде көрмеге қойылды.