Италия адам саудасы үшін жазаны қатайтпақ

РИМ. ҚазАқпарат - Италия құл саудагерлеріне қатысты жазаны күшейтпек. Ақпан айының соңында 70-тен астам мигранттың өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін осы аптада Италия премьер-министрі Джорджия Мелони адам саудасы үшін жазаны барынша қатайтуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ANSA агенттігіне сілтеме жасап.

Италия адам саудасы үшін жазаны қатайтпақ
Фото: ansa.it

Ел үкіметі Мелонидің ұсынысын мақұлдады. Оған сәйкес, енді мигранттардың өлімі мен ауыр жарақатына кінәлі адам саудагерлері 30 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

BBC News хабарлауынша, министрлер кабинеті Италияға келетін шетелдік жұмысшылар үшін заңды жолдарды құру шаралары туралы да келісті.

Министрлер кабинетінің отырысында премьер-министр Мелони Италияның адам саудагерлеріне тек елдің өзінде ғана емес, үшінші елдерге сапарлар ұйымдастыратындарға да қарсы әрекет ететінін баса айтты.

Айта кетейік, ақпан айында Италияны дүр сілкіндірген апатқа байланысты министрлер кабинеті мен Мелонидің өзі қатаң сынға ұшырады.

Ол кезде ағаш қайықта болған адамдардың көпшілігі - барлығы 200 адам - Ауғанстан, Пәкістан, Сомали, Сирия, Ирак және Ираннан келгендер екені айтылады.

Кеме қолайсыз ауа райында Кротоне маңындағы жартастарға соғылып, суға батып кетті.

Ресми мәлімет бойынша, 72 адамның денесі табылды, тағы 79 адам аман қалды, 30-ға жуық адам із-түзсіз жоғалып кеткен.