Италия банктер мен ойын бизнесіне салынатын салықты көтереді


АСТАНА. KAZINFORM — Италия 2027 жылғы мемлекеттік бюджетті қаржыландыру үшін банктерге, сақтандыру компанияларына, энергетикалық компанияларға және ойын бизнесіне салынатын салықты көтереді. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды. 

Италия банктер мен ойын бизнесіне салынатын салықты көтереді
Фото: Fiscal Code

Экономикаға серпіліс беруге арналған пакет келесі жылы Еуропа Одағының үшінші ірі экономикасының бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 3,4%-ына дейін арттырады, бұл ЕО белгілеген 3% шегінен айтарлықтай жоғары, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 2,9% шамасында болмақ.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің айтуынша, бюджетте салық жеңілдіктері мен жалпы сомасы 26 миллиард еуроны құрайтын қосымша шығындар көзделіп отыр. Бұл шаралар табысы орташа азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салынатын салық ауыртпалығын азайтуға, сондай-ақ ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды арттыруға бағытталған.

Қаржы компаниялары бұл шараларға 5 миллиард еуродан астам қаражат бөледі. Энергетика және ойын бизнесі 700 миллион еуродан үлес қосады. Банктер үшін корпоративтік салық мөлшерлемесі 27,5%-дан 30,5%-ға дейін, ал сақтандыру компаниялары үшін 24%-дан 27%-ға дейін артады. Салық жеңілдіктерін азайту арқылы қосымша кірістер де алынады деп күтіледі. 

Сонымен қатар, бюджет жоспарында табысы орташа азаматтарға салынатын салық ауыртпалығын азайту көзделген. Жылдық табысы 55 000 еуродан аспайтындар үшін табыс салығы 33% болады, қазір бұл сома 50 мың еуро. Премьер-министр Джорджа Мелонидің айтуынша, салық төлеушілер үшін ең көп үнем жылына шамамен 500 еуроға жетеді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 15 пайыздық салық салынатын жылдық табыстың шегі 85 000 еуродан 100 000 еуроға дейін артады.

Айта кетейік, Грузия ойын бизнесі үшін салықты жеңілдету жағын қарастырып жатыр.