Италия Call of Duty және Diablo ойындарын шығаратын компанияны тергемек

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның монополияға қарсы іс-қимыл органдары Activision Blizzard компаниясына қатысты тергеп-тексеру амалдарын бастады. Call of Duty Mobile және Diablo Immortal ойындарындағы монетизациялау тәжірибесіне қатысты күдік туындаған. Басты назар кәмелетке толмағандардың шығындарына әсер етуі мүмкін олжа қораптарына, виртуалды валюталарға және басқа да сатып алу тетіктеріне аударылып отыр, деп хабарлайды Euronews.

Италия Call of Duty және Diablo ойындарын шығаратын компанияны тергемек
Фото: AP Photo

Ведомство ойын шығарушы компанияны «ЕО тұтынушыларды қорғау ережелерін бұзуы мүмкін бе?» деген сұрақ бойынша тергеп жатыр. Тергеу Норвегия мен Даниядағы тұтынушы құқығын қорғау органдарының қолдауымен жүргізіліп жатыр.

Реттеуші орган ақшаға сатып алынатын виртуалды валюталарды пайдалану тетіктеріне ерекше назар аударып отыр. Италия билігінің пікірінше, мұндай жүйе ойын ішінде сатып алынатын өнімдердің құнын түсінуді балалар үшін қиындатуы мүмкін.

Егер тұтынушыларды қорғау туралы заңдардың бұзылуы анықталса, Activision Blizzard компаниясына әрбір зардап шеккен елде жылдық айналымының 4%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Тергеу ойын индустриясындағы тұтынушыларды қорғау бойынша ЕО-ның кең ауқымды науқанының бөлігі болып табылады. Науқан аясында Riot Games, Supercell, Ubisoft, Mojang секілді ойын шығаратын тоғыз компания да тексеріледі.

Бұған дейін Италияда туристерге арналған ат-арбаларға тыйым салынатыны хабарланған болатын.