Италия қалаларында туристерге салынатын салық мөлшері артпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рим және Венеция қалаларының билігі аталмыш қалаларға келетін туристерден алынатын салық мөлшерін арттыратындарын мәлім етті.
Атап айтқанда, Венеция қаласына баратын туристерден алынатын салық мөлшері 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап 50 еуроцентке артса (үш жұлдызды қонақүй үшін 3 еуродан 3,5 еуроға дейін, ал төрт жұлдызды қонақүй үшін 4 еуродан 4,5 еуроға дейін), ал Рим қаласының көркін тамашалауға келгендер бұрынғыдан екі есе көбірек шығындалмақ. Яғни, Римдегі бес жұлдызды қонақүйде бір күн тұру үшін оның бағасының үстінен тағы 7 евро төлеуге тура келеді. Төрт жұлдызды отельдер 6 еуродан алса, үш жұлдызды қонақүйлер 4 еуроға қымбаттамақ. Айта кетейік, бұрын салық мөлшері қонақүйлердің жұлдыздарына байланысты алынатын: 5 жұлдызды қонақүй үшін - 5 еуро, 4 жұлдыздыға - 4 еуро, 3,2,1 жұлдызды қонаүйлер үшін - сәйкесінше 3,2 және 1 еуро салық алынатын. Алайда Римдегі қонақүй бизнесінің өкілдері туристерге салынатын салықтың көбеюіне қарсы науқан ұйымдастыруға ниетті екендіктерін жеткізіп отыр, деп жазады ИТАР-ТАСС.