Италия тұрғыны сүйіктісіне бүйрегін тарту етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 48 жастағы итальяндық әйелге 52 жастағы ғашығының бүйрегі ауыстырып салынды.
Әйел ген арқылы берілетін көпжылауықты бүйректен зардап шекті, соңғы кездері бүйректері істен шыққан. Екі ай бойы жүргізілген донор іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Осыдан кейін әйелдің сүйіктісі өз бүйрегін беруді ұйғарған. Бүйрек трансплантациясы Турин қаласында Molinette ауруханасында өтті, деп жазды Huffington Post. Олар 8 наурыз мерекесін аурухана палатасында дәрігерлердің бақылауымен қарсы алды. Аурухана қызметкерлері ер адамның бұл ісін шынайы махаббатқа балауда.