Италия Қазақстан азаматтарына визаны жылдам беру мәселесін қашан шешеді
Жақын арада Италия жағының Қазақстан азаматтарына визаны жылдам беру мәселесі шешіледі, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгін Сыртқы істер министрлігіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер Италия Қазақстан азаматтарының визаға берген өтініштерін тым ұзақ қарайтынын айтып, бұл мәселе қашан шешілетінін сұрады.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осы мәселе бойынша Италия консулы мен елшісі ҚР Сыртқы істер министрлігіне шақыртылып, пікір алмасу болғанын жеткізді.
«Алматы мен Милан арасында тікелей әуе рейсі бар. Ол жаққа баратын жолаушылар баршылық. Бұған дейін Италия елшілігіне виза бойынша жеке компания қызмет көрсеткен. Олар осы компаниямен келісімшартты бұзып, құжаттарды мұқият және жылдам өңдейтін басқа компанияны жалдаған. Яғни, италиялық дипломаттар бұл бағыттағы жұмыстар сапалы әрі жылдам орындалатынын айтып отыр. Сондықтан мәселе алдағы уақытта шешіледі деп санаймын», - деді ресми өкіл.