Италия жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар мен тонаушыларға жазаны күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Италия Министрлер кеңесі сейсенбі күні жаппай акциялар кезінде зорлық-зомбылық пен вандализмге қарсы бағытталған шұғыл декретті мақұлдады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.
Шешім демалыс күндері Милан, Турин және басқа қалаларда болған тәртіпсіздіктерден кейін қабылданды. Онда негізінен жастардан құралған топтар дүкендердің әйнектерін қиратып, тонаумен айналысып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған.
– Наразылық білдіру – құқық, ал қалаларымызды қиратуға болмайды. Біз бәріміз ешкім ақтауға немесе маңызын төмендетуге тиіс емес көріністерді көрдік, – деді Италия премьер-министрі Джорджа Мелони үкімет отырысынан кейін жарияланған бейнеүндеуінде.
Жаңа декретте «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» атты қылмыс құрамы енгізіледі. Егер адам шеру немесе демонстрация кезінде бес немесе одан да көп адамнан тұратын топқа қосылып, тас, петарда немесе таяқ лақтырса, айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру және 20 мың еуроға дейін айыппұл салу жазасы қарастырылған. Егер құқық бұзушы бетін жасырып жүрсе немесе оқиға салдарынан басқа адамдар зардап шексе, жаза қатаңдатылады. Топ болып жасалған вандализм үшін де жауапкершілік күшейеді.
Декретте «кім қиратса, сол төлейді» қағидаты бекітілген. Егер залалды кәмелетке толмаған адам келтірсе, жауапкершілік оның ата-анасына жүктеледі.
Қоғамдық мүлікке, соның ішінде аялдамаларға, бағдаршамдарға және полиция көліктеріне зақым келтірілген жағдайда, префект отбасыға төлем жасау туралы талап жібереді.
Ал жеке меншікке – дүкендердің әйнектеріне, сауда орындарына немесе автокөліктерге зиян келтірілсе, мүлік иесі соттан келтірілген шығынды өтеу туралы дереу орындалуға тиіс төлем бұйрығын ала алады.
Сонымен қатар бұрын тек ересектерге қолданылған алдын ала ұстау шарасы енді 14–18 жастағы жасөспірімдерге де қатысты болады. Сондай-ақ керісінше дәлелденбесе, жасөспірім өз әрекетінің сипатын түсінді деген презумпция енгізіледі. Бұған дейін парламентте қаралған заң жобасында болған бұл норма бірден күшіне енеді.
Жыл соңына дейін Миланға қосымша 500 әскери қызметші жіберіледі. Олар полиция және карабинерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 16 жастағы жасөспірімдерге де жаза міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз ету үшін судьялар саны мен кәмелетке толмағандарға арналған мекемелердегі орындар көбейтіледі.
Джорджа Мелони ешқандай саяси идея немесе әлеуметтік наразылық дүкендерді қирату мен ұрлықты ақтай алмайтынын атап өтті.
– Қирату мен ұрлық – наразылық білдірудің түрі емес, бұл – қылмыс. Мемлекеттің жауабы батыл болуы керек, – деді ол.
Декрет бірден күшіне енеді, алайда заңда белгіленген мерзімде кейін парламенттің мақұлдауынан өтуге тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Италия Миландағы тәртіпсіздіктерге байланысты 500 әскери қызметкерді жұмылдыратыны хабарланған еді.
Ал Францияда жаппай тәртіпсіздіктерден кейін кей қалаларда коменданттық сағат енгізілетінін хабарлағанбыз.