Италия жастары ауыл шаруашылығы саласына бет бұрды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италия жастары ауыл шаруашылығы саласының тізгінін ұстай бастады, деп хабарлады www.24.kz.
Бүгінде елдегі 48 мың шаруашылықты университетті кеше ғана бітірген түлектер басқарып отыр. Бұл Еуропадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Үкімет кәсібін енді бастаған шаруаларды қолдау мақсатында 6 млрд еуро бөлуді жоспарлап отыр. Жаһанды дендеген дағдарыс бұл күні бизнестің бағдарын бұруға түрткі болып тұр. Мәселен Италияда қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласынан нәсіп тапқан тиімді. Сондықтан болар бұл кәсіпке келуші жастардың қарасы күн сайын көбейіп келеді. Денис Карнелло асқабақтың 30-35 центнерін жылыжайдан жинайды. Машақаты көп болғанмен тұрақты табыс түсіреді. Ағайындылар аталарының фермасын тұралатпай, кәсібі дөңгеленген шаруашылықтың қатарына қосты. Нарықта сұранысқа ие өнімдерді өсіріп, Римге жібереді.
«Бұрыннан қалыптасқан қағида бойынша бұл кәсіпті жүргізу мүмкін емес. Жаңа көзқарас, жаңа бизнес идеялар қажет. Қазір бұл фермаға туристерді де қабылдай аламыз. Саланың қыр-сырын үйретіп, кәсіпке баулуға мүмкіндік бар. Үйренемін дегендерге есігіміз ашық», - дейді кәсіпкер Денис Карнелло.
Ынта мен жігер кәсіп жүргізудің қозғаушы күші. Денис секілді оның замандастары қалада қалмай, көңілдері ауылға ауған. Өйткені бұл бағытта жұмыс істеу табысты екеніне көздері жетті.
«Біздің ата-аналарымыз бір кездері жақсы тұрмыс іздеп, қалаға ауа көшкен еді. Қазір керісінше үрдіс байқалады. Жастар жаппай ауылдарға қоныс аударып, кәсіп ашып, бизнесін жүргізуде. Бұл жалпы еліміздің экономикасы дамуына серпін береді», - деді Coldiretti ұлттық аграрлар конфедерациясының өкілі Мария Летиция Гардони.
Өнімді шаруашылықта өңдеп, тұтынушыға тікелей жеткізу. Бұл қазіргі уақытта жас кәсіпкерлердің жұмыс істеу механизмі. Билік бизнес бастаймын дегендердің бетінен қақпайды. Жақсы жобасы болса қаржыландырып, кәсіптің соқпағына түсіреді.