Италияда 207 мафиози жалпы алғанда 2200 жылға бас бостандығынан айырылды
20 қарашада Италия соты елдің оңтүстігіндегі Калабрия провинциясындағы «Ндрангета» қылмыстық мафия тобына қатысы бар 207 адамды соттады. Бұл - елдегі соңғы 30 жылда мафия ісі бойынша ең үлкен сот. Каzinform агенттігі бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Калабрияның оңтүстігіндегі Ламеция қаласының арнайы салынған Терме ғимаратында өткен үш жылдық сот процесі аяқталды.
Арнайы ғимарат күшейтілген қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және 350 айыпталушы, 400 адвокат және 900 куәгерді орналастыруға қажет болды.
Нәтижесінде сот 131 айыпталушыны ақтап, қалғандарын жалпы 2200 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Үкімді жариялаудың өзі бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды.
«Ндрангета» (грек тілінде - ерлік) сицилиялық Коза Ностра немесе неаполитандық Каморра секілді танымал емес, бірақ ол - әлемдегі ең күшті, бай және ықпалды қылмыстық топтардың бірі.
Сицилия мафиясы өз ықпалын жоғалта бастағанда билікті біртіндеп өз бақылауына алып, қазіргі кезде Еуропаға кокаин импорттауға толық дерлік монополияға ие болған.
Топтың Солтүстік және Оңтүстік Америкада, сондай-ақ Африкада базалары бар.
Сот алдында жауап берген кей айыпталушылар Еуропаның әртүрлі елдерінде, сондай-ақ Бразилия, Эквадор және Ливанда ұсталды.
Бұл ретте сөзсіз «аумақ иесі» Луиджи Манкузо бұл сот процесінде айыпталушылар тізіміне енген жоқ: оған сот бөлек өтеді.
Трибуналдың «жұлдызы» оның жиені Эмануэле Манкузо болды. Полиция бүкіл келеңсіздіктен, соның ішінде бұрынғы “әріптестерінің” кек алуынан қорғауға уәде бергеннен кейін ол топтың құпияларын ашқан басты куәгер болды.
Айыпталушылардың үштен бір бөлігі ақталғанымен, шыққан үкімдер «Ндрангетаның» қызметіне айтарлықтай нұқсан келтіруі керек. Тергеу 2016 жылы басталып, Италияның кем дегенде 11 аймағына тарады. Оған 2500-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды.
Мафиялық топтың «жедел орталығы» ағайындар Манкузо бақылаған Вибо-Валентия шағын қаласы болды. «Ндрангетаға» қарсы операция кеңінен танымал болғанға дейін ол көбіне жыл сайынғы фортепиано байқауын өткізумен танымал болды.
Қулықпен ұйымдастырылған жерлерде жасырынған көшбасшыларды ұстаумен итальян полициясының Squadrone Carabinieri Eliportato «Cacciatori di Sicilia» элиталық бөлімшесі айналысқан.
Қамауға алынғандар, айыпталушылар мен сотталғандар арасында мафиялық топтың тікелей мүшелері ғана емес, олармен сыбайлас болған саясаткерлер де болды. Оның кейбірі Германияда, Швейцарияда, тіпті Болгарияда қамауға алынды.
Мафиялық топқа қарсы операцияда басқа елдердің полициясы да жұмылдырылған. Германияның өзінде жүздеген адам ұсталып, сұралды.
«Ндрангета» басшыларының бірі Рокко Морабито Уругвайда қамауға алынды. Топ Латын Америкасындағы кокаин өндірушілермен тікелей байланыста болған.
Италияның мафияға қарсы күрестің тергеу басқармасының (ІІД) соңғы есептерінің бірінде «Ндрангета» «қылмыстық дүниедегі абсолютті басым күш» деп аталды.
Бұл үстемдіктің көзі заңды және көлеңкелі экономикада жаңа әлеуетті кіріс көздерін таңдау кезінде топ бастықтарының «керемет икемділігінде» жатыр.
2008 жылы италиялық Eurispes зерттеу тобы "Ндрангетаның жылдық айналымын 44 млрд еуроға (48 млрд доллар) бағалады, бұл сол кезде Италияның ішкі ЖІӨ-нің шамамен 3%-ын құраған.