Италияда 500 мың жұмысшы шеруге шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Ең ірі кәсіподақтар жариялаған жалпы ереуіл аясында 500 мыңға жуық жұмысшы Италия қалаларының алаңдарына шеруге шықты. 8 сағаттық ереуіл барлық негізгі мемлекеттік секторларды қамтыды, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен компаниялар бар. Көлік, әуе және теңіз қатынасы құзырлы органдардың бұйрығына сәйкес төрт сағатқа үзілді, деп хабарлады ТАСС.

ауа сапасы
Фото: istockphoto.com

ANSA агенттігінің хабарлауынша, ең ірі демонстрация Болоньяда Жалпы Италия еңбек конфедерациясының (Cgil) басшысы Маурицио Ландинидің қатысуымен өтті. Кәсіподақтардың мәліметінше, наразылық акциясын әртүрлі саладағы жұмысшылардың 70 пайыздан астамы қолдаған. Кейбір компаниялар күні бойы жұмыс істемеді. Ел бойынша мыңдаған адам қатысқан 43 шеру болды; тек Туринде полициямен қақтығыстар болған.

Бүкілхалықтық ереуіл, кәсіподақтардың пікірінше, жұмысшылардың мүддесі ескерілмейтін бюджет жобасының бекітілуіне наразылық ретінде жарияланды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау мен білім беру, сондай-ақ әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржының қысқартылып жатқаны алға тартылуда.

Италияда сағатына 9 еуро болатын ең төменгі жалақы шегін орнату үшін ұзақ уақыт бойы күрес жүріп жатыр.

Елдегі әлеуметтік жағдай туралы соңғы есептерге сәйкес, Италияда 5,7 миллион адам абсолютті кедейлікте өмір сүреді, яғни дерлік әрбір оныншы азамат деген сөз. Балалы жас отбасылар ең осал топ болып қала береді. Бір қызығы, елдің экономикалық қозғалтқышы саналатын Италияның солтүстік аймақтарында соңғы тоғыз жылда абсолютті кедейлікте өмір сүретін итальяндықтардың саны екі есеге өскен.

Қоса кетейік, қазан айының екінші жартысында 20 жыл ішінде Италияның алғашқы жалпыұлттық ереуіліне қатысу үшін Рим көшелеріне ондаған мың автожұмысшы шеруге шыққан болатын.