Италияда әлемдік рекордқа үміткер тағы бір ұзақ өмір сүрген отбасы пайда болды
АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Сардиниядағы Мелистер отбасындағы ағайынды 9 адамның жалпы жасы 818 жылды құрап, әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген отбасы ретінде Гиннесстің рекордтар ктабына енгізілгеннен кейін тағы бір итальяндық отбасы бұл рекордты даулауды ұйғарды, деп хабарлады Би-Би-Си.
Әңгіме Чезиомаджоре қалашығындағы (Беллуно провинциясы, Венето аймағы) Перенциндер отбасы туралы болып отыр.
Осы отбасының 24 немересінің бірі Антонио Сардиниялық ұзақ өмір сүрген отбасының рекордын естігеннен кейін қолына калькулятор алып, өзінің 10 әжесі мен атасының жалпы алғанда 846 жыл өмір сүріп отырғанын есептеп шығарды. Сардтық отбасының ұзақ өмір сүрген мүшелерінің орта жасы (90,8 жыл) Перенцин отбасы (84,5 жыл) өкілдерінен көбірек болғанмен, Венетолық он ағайындылардың жалпы өмір сүру ұзақтығы сардиниялық тоғыз ағайындылардан асып түседі.
Перенцин отбасындағы ең егде кемпір Мелинденің жасы - 100-де, ең кіші Виттория - 72 жаста, ал олардың арасында Рикардо (92 жас), Мария (90), Эстер (88), Иларио (86), Новелла (84), Ирене (80), Ирма (78) және Рената (76) бар. Ағайынды 10 ер және әйел адамдардың бәрі де аман-сау өмір сүріп жатыр.