Италияда аспалы жолдың арқаны үзіліп кетіп, 12 адам қаза тапты
РИМ. ҚазАқпарат - Италияның солтүстігінде (Пьемонт аймағы) аспалы жолдың арқаны үзіліп кетіп, вагонша жерге құлаған. Салдарынан 12 адам қаза тапты, екі бала ауыр жарақат алған. Бұл туралы бүгін, жексенбіде ANSA агенттігі оқиға орнында жұмыс істеп жатқан құтқарушыларға сілтеме жасап хабарлады.
Мұның а лдында төрт, содан кейін сегіз адамның көз жұмғаны хабарланған болатын.
Ал Иль Мессаггеро газетінің жазуынша, кем дегенде 11 адамнан тұратын бір кабина арқанның үзілуі салдарынан құлаған.
Ауыр халдегі балалар Туриндегі ауруханаға жеткізілді. Оқыс оқиға таңертең Мажоре көлін 1,5 мың метр биіктікпен жалғайтын маршрутта болды, қазіргі уақытта келеңсіз жағдайдың себеп-салдары анықталуда.
«Пандемияға байланысты қысқы маусымда жабық болған таулы курорттағы бұл көтергіштер осы жексенбіде ғана іске қосылған еді», - деп жазады басылым.