Италияда «Коза Ностра» мүшелері құрықталды - қала мэрін қосқанда, 40 адам қамауға алынды
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Сәуірдің 8-і күні таңертең Палермо провинциясында итальяндық карабинерлердің сицилиялық «Коза Ностра» қылмыстық ұйымына қарсы кең ауқымды арнайы операциясы басталды, деп хабарлайды РосБизнесКонсалтинг сайты.
Полицейлер 40 адамды қамауға алды, оның ішінде Монтелепре қаласының мэрі Джакомо Тинервианы ұстады. Операцияға 300 полиция қызметкерлері, сонымен бірге екі тікұшақ жұмылдырылды. Қамауға алынған мэрді полиция пара алды және бопсалады деп айыптауда.
Топтың қылмыстық қызметін тексеру 2010 жылы басталды. Тез арада карабинерлер мэр Дж.Тинервианың жергілікті мафия басшысы Джузеппе Ломбардомен тығыз байланыста екенін анықтап білді. Сонымен бірге бүгін таңертең топ басшысы да ұсталды.
Бұл іс бойынша нақты түсіндірме кешірек Палермо прокурорының баспасөз мәслихаты барысында айтылатын болады, деп хабарлады қадағалау ведомствосының баспасөз қызметі. 2013 жылы наурызда «Демпартия» мүшесі Пьетро Грассо Италия Сенатының төрағасы болып сайланғанын атап өткен жөн, ол кезінде мафиямен күрес жөнінде үйлестіруші болған және Палермо прокуроры болып қызмет атқарған,. Бүгін таңертең басталған әшкерелеу науқанының бастамашысы - сол парламент спикері болуы да мүмкін.