Италияда ресторандар мен супермаркеттер сатылмай қалған азық-түлікті мұқтаж жандарға беруге міндеттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияда супермаркеттер сатылмай қалған азық-түлікті мұқтаж жандарға беруге міндеттеледі, деп хабарлайды The Independent.

Италияда ресторандар мен супермаркеттер сатылмай қалған азық-түлікті мұқтаж жандарға беруге міндеттеледі

Бұл туралы заң жобасы осы елдің парламентінің төменгі палатасында қолдау тапты, жақын арада сенатқа жолданатын болды.

Қазіргі сәтте Италияда азық-түлікті қайырымдылық шарасы аясында тарату былай жүзеге асады: алдымен ресторан, супермаркет немесе бар азық-түлік таратылатыны туралы хабарлау керек. Жаңа заңнамада бұл тармақ алынып тасталды. Керісінше, неғұрлым көп қайырымдылық жасаса, соғұрлым қоқысқа төлейтін салығын азайту сынды ынталандыру тетіктері қарастырылған.

Бұдан бөлек, ресми түрде тұтыну мерзімі өтіп кеткен, алайда пайдалануға әлі де жарамды азық-түліктерді жұртқа үлестіруге рұқсат берілді. Осылайша парламент ресторан, супермаркет және барлардың қожайындарын асты қоқысқа тастамай, қайырымдылыққа жұмсауға шақырып отыр.

Егер заң сенатта қолдау тапса, Италия Еуропада мұндай қадамға барған екінші ел атанады. Бірінші болып француздар осындай заң қабылдаған еді. Францияда ресторандар мен супермаркеттер қалған азық-түлікті адамдарға бергеннің орнына, оны қоқысқа тастаса, ірі көлемде айыппұл төлейді.