Италияда шарап қоймасынан 30 мың бөтелке ұрланды
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Тоскана аймағында белгісіз біреулер 1385 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әйгілі Marchesi Antinori отбасылық компаниясының шарап қоймасын тонады, деп хабарлайды BILD.
Қылмыскерлер жалпы құны шамамен 5 миллион еуро болатын 30 мыңға жуық бөтелке шарапты алып кеткен. Италиялық БАҚ бұл оқиғаны ел тарихындағы «ең ірі шарап ұрлығы» деп атады.
Тергеу мәліметінше, өткен сенбіде кемінде жеті бетперде киген адам Кортона қаласындағы қоймаға басып кірген. Олар дабыл жүйесі мен бейнебақылау камераларын өшіріп, кәсіпорынның жүк тиегіштерін пайдаланып, шараптарды екі жүк көлігіне тиеген. Ұрлық дүйсенбі күні таңертең қызметкерлер жұмысқа келген кезде ғана анықталған.
Ұрланған шараптардың арасында Solaia, Tignanello және Guado al Tasso маркалары бар. Барлық бөтелке 2023 жылғы өнімге жатады. Қылмыскерлер, соның ішінде Тосканадағы ең танымал әрі қымбат шараптардың бірі саналатын Solaia маркасының шамамен 10 мың бөтелкесін алып кеткен.
Шараптың бір бөтелкесі маркасына қарай 120–300 еуро тұрады. Ал сирек кездесетін түрлерінің бағасы бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Компания басшысы Ренцо Котарелланың пікірінше, ұрлықтың артында басқа шарап зауыттарындағы осындай қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін кәсіби қылмыстық топ тұруы ықтимал. Ол ұрланған жүктің табылатынына үміттенеді. Өйткені мұнша көп шарап тиелген екі жүк көлігін ешкімге білдірмей сату оңай емес.
Еске сала кетейік, биыл көктемде Италиядан Польшаға бара жатқан жолда 12 тонна KitKat батончигі ұрланған болатын.