Италияда Skype арқылы жасалған неке жарамды деп танылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның кассациялық соты, яғни елдегі ең жоғары сот инстанциясы итальяндық әйел мен пәкістандық ер арасында Skype арқылы жасалған некені жарамды деп таныды, деп хабарлады ТАСС агенттігі.
Осылайша, сот инстанциясы 2012 жылы жас жұбайлар некесін тіркеуден бас тартқан Сан-Джованни ин Персичето (Болонья төңірегіндегі) қаласының билігін одақты тіркеуге міндеттеді.
Сот некеге тұрушының әрқайсысы өз отанында болса да, екеуінің де некеге тұруға ниет білдіргенін есепке алды. Бұған дейін «қашықтықтан үйленуді» алғашқы инстанция мен апелляциялық сот та мойындаған еді.
Бұл Италия кассациялық сотының басынан өткен алғашқы жағдай емес. Мәселен, біржынысты жұптың бала асырап алуы туралы елде нақты заң шығарылмаса да, кассациялық сот олардың құқығын мойындады.
Сильвио Берлусконидің (2008-2011) соңғы үкіметі қабылдаған көші-қонды бақылауды күшейту шараларынан соң, ел аумағына келу құжаты жоқ өзге елдің азаматтары итальяндықтарға үйленіп, тұрмысқа шыға алмайтын болатын. Ал Италия азаматымен некеге тұрған шетелдік елде өмір сүруге рұқсат ала алады. Осылайша билік жалған некемен күрескісі келді.