Италияда Венеция кинофестивалі басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Италияның Лидо аралында 77-ші Венеция кинофестивалі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Италияда Венеция кинофестивалі басталды

Бұл - пандемия басталғалы бері осындай ауқымдағы ең алғашқы шара. Мысалы Канн фестивалін ұйымдастырушылар жұлдыздарды шақыруға қауіптенген болатын. Ал бұл жағдайда фестиваль онлайн форматқа ауыстырылған жоқ. Мұнда тек эксперимент кино байқауы ғана онлайн өтеді.

Шарада қауіпсіздік талаптары сақталған. Көрермендер қызыл кілеммен жүріп өткен жұлдыздарды тамашалай алмады, залдағы орын саны азайған, ал масканы барлығы тағуға міндеттелді.

«Біз халықтың көңіл-күйін көтеріп, оларға оптимизм сыйлағымыз келді. Сонымен бірге режиссерлер, продюсерлер, жалпы кино әлемінде жүрген барлық маманға қолдау көрсетуді ұйғардық. Одан бөлек, кинотеатр иелері бізге құлақ асады деп үміттенеміз, өйткені бұл жүйені қайта іске қосу керек. Жаңа карантинге бұл сала енді төтеп бере алмайды. Біз көпшіліктің сенімін қайтарып алуға тиіспіз», - дейді Венеция кинофестивалінің көркемдік директоры Альберто Барбера.