Италияда зілзала құрбандарының саны 228 адамға жетті
РИМ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Нақтыланған мәліметтер бойынша, Италияның орталық бөлігінде болған зілзала құрбандарының саны 228 адамға жетіп отыр.
Құтқарушылардың хабарлауынша, бұл көрсеткіш әлі де көбеюі ықтимал, оның үстіне жаңа тағы бір жерасты дүмпуі тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Мамандардың айтуынша, соңғы жер сілкінісінің магнитудасы Рихтер бағамы бойынша 5,4 баллды құрап отыр, деп хабарлайды Sky news телеарнасы. Апат салдарынан 1,5 мыңнан астам адам жарақаттар алып, 17 мыңдай адам баспанасыз қалған. Олар үшін қаладағы саябақтар мен футбол алаңдарында шатырлы қалашықтар ұйымдастырылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 6-сы күні таңертең Италияның орталық ауданында жер сілкінісі болды. Зілзала кіндігі Абруццо таулы өңірінде орналасқан Л'Акуила қаласына жақын жерде болған жер сілкінісінің күші 6 баллға жуықтаған.