Италиядағы әуежайлардың бірінде жанартау атқылауына байланысты рейстер тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Сицилия аралындағы Катания-Фонтанаросса халықаралық әуежайы Этна жанартауының қайта атқылауына байланысты рейстерді қабылдау мен жөнелтуді тоқтатты, деп хабарлайды Euronews.

вулкан
Фото: Анадолу

Басылымның мәліметінше, жанартау атқылауы кезінде күл шамамен төрт шақырым биіктікке көтерілген. Күл бұлты мен желдің қолайсыз бағытына байланысты әуе кеңістігінің жекелеген аймақтары жабылды.

Әуежайдың жұмысы 27 қыркүйек сағат 12:00-ге дейін (Астана уақытымен 15:00) дерлік толық тоқтатылды. Жолаушыларға рейстерінің мәртебесін алдын ала тексеріп, ұшатыны расталмаған жағдайда әуежай терминалына келмеуге кеңес берілді.

Кідірістер Сицилиядағы басқа да әуежайларға — Комизо, Палермо және Трапани әуежайларына әсер етті. Оларға ұшақтардың бір бөлігі бағытталып отыр.

Рейстердің тоқтатылуы мен кешігуі өңірдегі көлік жүйесінде қиындықтар туғызды. Euronews мәліметінше, қоғамдық ұйымдар жекелеген бағыттар бойынша әуе билеттері бағасының күрт өскенін де хабарлаған.

Көлік саласындағы кәсіподақтар Этна жанартауының жаңа атқылауы жағдайында тұрақты әрекет ету жоспарының жоқтығын сынға алып, өңір билігін нақты әрекет ету тетігін әзірлеуге шақырды.

Еске салайық, Этна жанартауы атқылап, Сицилиядағы әуе қатынасына кедергі келтірген еді.