Италиядағы жағажайда кейбір демалушыларға қолшатыр орнатуға тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Сардиния аралында Вилласимиус курорттық қаласындағы Пунта Молентис жағажайында ерекше шектеулер енгізілді. Енді 10 мен 65 жас аралығындағы келушілерге жағажайда қолшатыр орнатуға тыйым салынды. Оған қоса, жағажайға кіру ақылы болды, деп хабарлайды The Guardian.

Италиядағы жағажайда кейбір демалушыларға қолшатыр орнатуға тыйым салынды
Фото: Pexels

Жергілікті билік бұл шешімді жағажайдың ерекше табиғи ортасын сақтау және аумаққа түсетін антропогендік жүктемені азайту мақсатымен түсіндірді.

Қолшатырларды тек 10 жасқа дейінгі балалары немесе 65 жастан асқан қарттары бар отбасыларға пайдалануға рұқсат етіледі. Бірақ мұндай топқа бір ғана қолшатыр орнатуға болады.

Жаңа ережелер тек қолшатырларға ғана қатысты емес. Келушілерге шатырлар, павильондар және көлеңке беретін өзге де құрылымдарды орналастыруға тыйым салынды. Бұл шектеулер қазан айының соңына дейін күшінде болады.

Тағы бір жаңалық — қоғамдық жағажайға кірудің ақылы болуы. Кіру құны бір адамға — 10 еуро.

Шешім Италия тұрғындары мен туристер арасында қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары ұзақ уақыт күннің астында болудың салдары — күнге күйіп қалу, ыстық өту және тері обырының қаупі артуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Кейбір пікір қалдырушылар бұл ережелерді әзілмен қабылдап, енді жағажайға бару үшін «баланы жалға алу» немесе «қарт туысты бірге алып келу керек» деп қалжыңдады. Басқалары Пунта-Молентисті бойкоттауға шақырды.

Пунта-Молентис жағажайы Сардиниядағы ең танымал орындардың бірі. 2025 жылдың жазында ол ірі орман өртіне байланысты жабылған болатын.

Италиядағы қоғамдық жағажайлар туристік маусым кезінде жиі шамадан тыс жүктемеге ұшырайды. Жеке жағажайлардағы шезлонгтарды және жағажай инфрақұрылымын жалға алу бағасының өсуі жағдайды одан әрі қиындатады. 

Биыл Қазақстандағы курорттарда демалу құны қанша екенін мына сілтемеден оқи аласыз.