Италиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен қазақстандықтар жоқ - Марат Иғали

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италиядағы Жер сілкінісінен зардап шеккен қазақстандықтар жоқ. Бұл жайында ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Италиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен қазақстандықтар жоқ - Марат Иғали

«Әлемдік БАҚ ақпараттарына сәйкес, 2017 жылдың 18 қаңтарында Орталық Италияның  Лацио, Абруццо және Марке аудандарында бірнеше сағаттың ішінде магнитудасы 5 балдан асатын 4 қуатты жер сілкінісі орын алды. Жерасты дүмпуі Римде де сезіліп, метродан адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Зілзала ошағы Аматриче қаласынан 7 шақырым жерде тіркелген. Өткен жылдың тамызында осы қалада қуатты жер сілкінісі салдарынан 178 адам қаза болған еді. Жергілікті билік Орталық Италияда көлік қозғалысын қиындатқан қалың қардың салдарынан жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны мен шығын көлемін бағалау қиын болатындығын айтуда.

Итальяндық БАҚ ақпараттарына сәйкес, сәрсенбі күні Орталық Италияның Абруццо ауданында, Гран-Сассо таулы алабында қар көшкіні жүріп, жергілікті Rigopiano di Farindola  қонақ үйін басып қалған»,-  деді ол.

Сонымен қатар Иғали ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментіне зардап шеккен қазақстандық туристер туралы және туристік операторлардан төтенше жағдайға қатысты өтініштер жайында ақпарат түспегендігін атап өткен.

«ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті Италияда жүрген қазақстандық туристерге сабырлық сақтап, жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға кеңес береді. Италияға турлар ұйымдастыратын туристік операторлардан шұғыл арада туристерге орын алуы мүмкін төтенше жағдай жайында ескертуді және бұл елдегі ахуалды қадағалап отыруды өтінеміз. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаменті Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен тұрақты түрде байланысқа шығып отыр», - деп жазды департаменті басшысы.