Италиялық компания Өзбекстандағы АЭС құрылысын қадағалауға қатысуы мүмкін
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Италиялық Ansaldo Energia холдингтік компаниясы Өзбекстандағы АЭС құрылысына қатысуы мүмкін. Бұл туралы «Өзатом» агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, «Өзатом» директоры Азим Ахмадходжаев Ansaldo Energia холдингінің және оның ядролық энергетика технологияларына мамандандырылған компанияларының бірі — Ansaldo Nucleare басшылығымен кездесті.
Тараптар технологиялық интеграция саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Өзбекстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруда италиялық серіктестердің қосалқы жүйелік шешімдерін аталған елдің климаттық жағдайларына бейімдеу мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, холдингтік компанияны Өзбекстанда АЭС салу жобасын жүзеге асыруды қадағалау, сондай-ақ тиімді қосалқы шешімдерді әзірлеу үшін техникалық кеңесші ретінде тарту мүмкіндіктері талқыланды.
Ansaldo Nucleare компаниясының пайдаланылған ядролық отынды басқару жүйелерін сатып алу мүмкіндігімен радиоактивті қалдықтарды басқару саласындағы компаниямен ынтымақтастықтың ерекшеліктері егжей-тегжейлі зерттелді.
Сонымен қатар Италия тарабы ұлттық нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру және лицензиялау бойынша кеңес беру қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ ядролық сектордағы технологияларды үздіксіз жетілдіру және кадрларды оқыту үшін екі елдің мүддесі үшін бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруға қызығушылық танытты.
Еске сала кетейік, Өзбекстан АЭС-ке қажетті салқындату жүйесін Мажарстаннан алады.