Италиялық дәрігер тоғыз жылда 15 күн ғана жұмысқа келген

Дәрігер осы уақыт аралығында жұмыстан заңды түрде жалтарып келген көрінеді. Курстарға қатысып, еңбек демалысында болған, сырқатпын деп ауруханада жатып алғаны тағы бар. Бірақ жалақысын толық алып отырыпты.
Сицилиялық дәрігер 2005 жылы мамандығы бойынша Катания провинциясындағы ауруханалардың біріне жұмысқа тұрады. Сол күні ол университеттегі курсқа жіберіледі. 2008 жылдың 31 қазанында жұмысқа оралған соң дәрігер отбасылық жағдайына байланысты ақы төленетін демалыс сұрап алады, ол 2009 жылдың мамырына дейін созылған. Одан кейін 15 күн ауруханада жұмыс істеп, 2009 жылдың шілдесіне дейін денсаулығына байланысты тағы үзіліс алыпты. Сауығып келгесін университеттегі тағы бір оқу курсына жазылған, онда биылғы жылдың маусымына дейін біліктілігін арттырады.
Енді ол 2016 жылдың желтоқсанына қарай докторлық дәреже алуға дайындалып жүр.
Аурухананың бас дәрігері жалқау дәрігерді бірнеше рет жұмысқа қайтаруға әрекеттенгенін айтады. Алайда барлығы заң аясында болғандықтан, онысынан еш нәтиже болмапты.