Италиялықтар білім саласындағы реформаға қарсы ереуілге шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның Неаполь қаласы тұрғындары үкіметке қарсы ереуілге шығып, полициямен қақтығысты.
Наразылық акциясы ел премьер-министрі Маттео Ренцидің шаһарға келу қарсаңында болды. Оны солшыл белсенділер мен мұғалімдер ұйымдастырған, деп хабарлайды 24.kz.
Шеруге шыққандар білім саласына енгізілген жаңа реформаға қарсы. Онда мемлекеттен бұл салаға бөлінетін қаржы қысқарып, мұғалімдерді жұмыстан шығару заңдылықтары жеңілдетілген. Оған қоса ұстаздарға жұмыс істейтін білім орнын өзі таңдауына мүмкіндік берілмеген.
Премьер-министр келеді деп «Сан Карло Опера үйінің» алдына жиналған топ полиция қоршауын бұзып өтуге тырысты. Алайда тәртіп сақшылары оларға тойтарыс берді. Ереуілшілер мен полиция арасындағы қақтығыс шамамен екі сағатқа созылған. Алайда жарақат алғандар мен қамауға түскендер туралы ешқандай дерек жоқ.