Италияның ең танымал зергерлерінің бірі Паоло Булгари қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Отбасылық бизнесін люкс санатындағы халықаралық компанияға айналдырған итальян зергері Паоло Булгари Римде 89 жасында қайтыс болды. Бұл туралы ANSA агенттігі хабарлады. 

Италияның ең танымал зергерлерінің бірі Паоло Булгари қайтыс болды
Фото: FR

Паоло қарияның өмірден өткені туралы оның отбасы сенбі күні хабарлады. Қаралы хабарды 2011 жылдан бері LVMH тоба кіретін Bulgari компаниясы да растады. Паоло Булгариді отбасы мүшелері көрнекті зергер деп атап, оның адамгершілігін, кәсіпкерлік талантын және бүкіл әлемде итальян зергерлік бұйымдарын танымал етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

— Паоло Булгаримен бірге біз заманымыздың ең ұлы зергерімен қошқтасып отырмыз, — делінген отбасы мәлімдемесінде.

Паоло Булгари 1937 жылы Римде дүниеге келген. Ол 1884 жылы Италия астанасында алғашқы дүкенін ашқан грек күміс шебері Сотириос Булгаридің немересі. Кейінірек оның отбасылық бизнесі әйгілі зергерлік үйіне айналды. Паоло компанияға 1960 жылы заңгер мамандығы бойынша оқығаннан кейін қосылған. Бауырлары Джанни және Николамен бірге ол компанияны дамытты, кейіннен немере інісі Франческо Трапанимен бірге жұмыс істеді. Паоло Булгари компанияға 1984 жылы басшы болды.

Бренд Паолоның басшылығымен сағаттар, парфюмерия және аксессуарлар, зергерлік бұйымдар шығарудан тыс қонақ үй нарығына да кірді. Bulgari дүкендері Нью-Йоркте, Парижде және Женевада ашылды. Брендтің зергерлік бұйымдары әсіресе ежелгі Рим мәдениеті мен сәулетінен шабыттанған ашық түсті асыл тастарымен және стилімен танымал. Bulgari сонымен қатар зергерлік бұйымдарға турмалин қолдануды, олардың әртүрлі реңктерін, атап айтқанда сирек кездесетін көк Параиба турмалинін танымал етті.

Bulgari зергерлік бұйымдары Голливуд жұлдыздары мен Еуропаның корольдік отбасылары арасында ерекше танымал болды. Зергерлік үйдің танымал жанкүйерлерінің қатарында Элизабет Тейлор, Ричард Бертон, Софи Лорен, Одри Хепберн, Николь Кидман және Анджелина Джолилерді атап көрсетуге болады.

2011 жылы отбасы Bulgari компаниясының бақылаушы акциялар пакеті Францияның LVMH компаниялар тобына шамамен 5 миллиард долларға сатылды. Осымен компанияны бір ғасырдан астам уақытқа созылған отбасылық бақылау аяқталды. Кейінірек Паоло Булгари бұл тоқтамды ауыр, бірақ брендтің болашағын қамтамасыз ету және мыңдаған жұмыс орындарын сақтау үшін қажет шешім болды деп сипаттады.

2019 жылы ол Римде білім берудегі теңсіздікпен күресуге, жастарды қолдауға және қаланың шеткі аудандарын жақсартуға бағытталған қор құрды.

Паоло Булгариді жерлеу рәсімі 23 қарашада Римнің жеті үлкен шіркеуінің бірі — Санта-Кроче-ин-Джерусалимме базиликасында өтеді.

Бұған дейін АҚШ-та әлемге танымал қазақ физигі Манат Мәуленбайұлы қайтыс болғанын хабарлаған едік.