Иті үшін адам пышақтаған петропавлдыққа сот үкімі шықты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық соты иті үшін адамға пышақ салған ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оқиға 2019 жылы 18 қыркүйек күні болған еді.

Итімен аулада серуендеп жүрген Петропавл тұрғыны Александр Славецкийге өтіп бара жатқан адам жануарға тұмылдырық кигізу керектігін ескерткен. Стаффордшир терьердің иесі бірден ашуға беріліп, ескерту жасаған азаматқа итін айтақтап, арқасына ас пышағын сұғып алған.

Петропавл қалалық сотында 40 жастағы Александр Славецкий болған оқиғаға өкініш білдірді. Оның айтуынша, өтіп бара жатқан азамат оның итіне өзі жақындаған. Тұмылдырығын шешіп, ызаландыра бастаған. Ал, өзі иттің тікенді қарғыбауымен әрлі-берлі сілтеп, өзін қорғамақ болған. Дәл осы кезде иті иесіне көмекке ұмтылып, жапа шегушіні қолынан қауып алған.

Сот екі тарапты да тыңдап, саралай келе сотталушының кінәсінің дәлелденгенін және мемлекеттік айыптаушы сұраған жазаның орынды екенін айтты.

Жазаны тағайындау барысында сот Славецкийдің мас күйінде адамға шабуыл жасап, еш себепсіз ауыр, қоғам үшін қауіпті қылмыс жасағанын және учаскелік инспектор берген теріс мінездемені негізге алды. Ал Славецкийдің сотта берген жауабы «жауапкершіліктен қашу» деп қабылдады. Осыған байланысты сот оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.


Соңғы жаңалықтар