Итті емген қозының еті адал ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біраз бұрын Facebook әлеуметтік желісінде қозылардың итті еміп жатқаны түсірілген видео жарияланған болатын. Оны көрген әлеуметтік желіні қолданушылардың пікірі екіге жарылды: бірі итті арам деді, екіншісі адал деді. Ал бұл сұрақтың жауабы islam.kz сайтында жарияланды.

Итті емген қозының еті адал ма?

Жарияланған мақалада әуелі иттің еті арам екені айтылады: «Иттің еті - арам. Тіпті, Пайғамбарымыз (с.а.у.) иттің сілекейі тиген ыдысты жеті рет жуып, біріншісін топырақпен тазалауды бұйырған. Оның үстіне, ит - жыртқыш хайуанға жатады. Ал, шариғат жыртқыш хайуандардың етін харам еткен. Сондықтан да, иттің етін жеп, сүтін ішу харам».

Бұдан соң мақалада иттің сүтін емген қозы-лақтың еті адал екені жазылған: «Ендіге жерде, «оның сүтін ішкен қозы-лақтардың үкімі не болмақ? Олардың да еті харамға айнала ма?» - деп түрсаңыз, ертеректе өмір сүрген Ханафи мәзхабының ғұламалары шошқаның сүтін емген қозы жайында былай деген:

«Ешкінің лағы шошқа сүтін еміп өссе де етін жеу мәкруһ емес. Өйткені, оның салдарынан еті өзгеріске ұшырамайды да, еті иістенбейді».

Ендеше, иттің сүті қозылардың етіне әсерін тигізбесе, айталық, еттерінің өңі мен дәмі өзгеріп, бейне бір бөтен иіс пайда болмаса, ол қозылардың еті адал.

Дегенмен, әсіліне келгенде, адал малға, адал хайуанның сүтін беру керек».

Сөз соңында автор Абдусамат Қасым бұндай пікір айтуға негіз болған еңбектерге сілтеме жасайды.