iTys қазақстандық мессенджерiн 100 мыңнан астам адам пайдалануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - iTys қазақстандық мессенджерiн 100 мыңнан астам адам пайдалануда. ҚР Президентiнiң Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында мәлiм еттi.
None
None

"Осыдан бiр ай бұрын бiз сiздерге iTys қазақстандық мессенджерiн таныстырдық. Қазiргi уақытта онымен 100 мыңнан астам адам хат алмасады", - деп атап өттi ол.

Айта кетейiк, бұл шартарапқа тарап кеткен Whatsapp-тың қазақстандық баламасы. Яғни iTys тұңғыш рет қазақстандық мамандар жасап шығарған жедел хабар алмасуға арналған мобильдік қосымша.

iTys орыс және ағылшын тілдерінде ғана емес, ең бастысы, қазақ әліпбиінің барлық әріптерін пайдаланып, мемлекеттік тілде хабар алмасуға болатындығымен ерекшеленеді. Бұл оны қазіргі кезде қолданыста жүрген белгілі мессенджерлерден даралап, әрбір қазақстандыққа арналған, толықтай ұлттық ІТ-өнім ретінде таныта алады. iTys қосымшасының ең басты ерекшелігі - оның ұлттық мәнерде айшықталған, мемлекеттік тілде қолдануға болатын эксклюзивті интерфейсі мен мәзірі. iTys-тағы барлық смайликтер қазақтың ұлттық нақышында жасалған. Сонымен қатар, қосымшаның тағы бір маңызды қыры - басқа мессенджерлер сияқты қолдану үшін төлем талап етпейді. Кез келген адам оны iTys.kz сайтынан тегін жүктеп алып, тегін қолдана алады.

iTys-тың тағы бір ерекшелігі - онда жеке хаттардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін хабарламаларды автоматты түрде өшіру функциясы бар. Мұндай қызмет әлемдегі бір де бір мессенджерде жоқ.

Айта кетейік, қазіргі таңда қосымшаны жүктеу Android операциялық жүйесі бар смартфондар үшін қолжетімді. Жобаны жасаушылар желтоқсан айында iOC платформасына шығуды көздеп отыр.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, болашақта iTys аясында тегін дыбыстық қоңыраулар, қазақ тілінің автокорректоры, графикалық редактор, сондай-ақ ұлттық үлгідегі жаңа анимациялар мен стикерлер қызметін қосу көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар