Иудейлер мен мұсылмандар сүндетке отырғызуға тыйым салуға қарсы митинг өткізді
АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Иудейлер мен мұсылмандар сүндетке отырғызуға тыйым салатын заңға қарсы Берлинде манифестация өткізді. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Еврейлер және мұсылмандар ұйымдарының өкілдері заңнаманың қайта қаралуын талап етуде. «Ел Үкіметі сүндетке отырғызумен байланысты ешбір жазаны қарастырмайтын заңды қабылдауы тиіс», - деп мәлімдеді Германиядағы түрік қауымының басшысы. Оған еврей қауымының өкілі де қосылды: «Бұл мәселеде еш хабары жоқ адамдардың жүргізіп жатқан дебаттары бізді мезі етті. Бүгін раввинмен және Колат мырзамен бірге сүндетке отырғызу және оның біздің дін үшін маңыздылығы туралы айтқымыз келіп отыр», - деді ол.
Еске салайық, 2012 жылғы маусым айының соңында Кельн соты діни наныммен ұлдарды сүндетке отырғызуды заңсыз деп таныды. Судьялардың пікірінше, кез келген баланың өзінің тәніне қол сұқпаушылық құқығы, діни бостандық пен ата-аналық құқықтан гөрі анағұрлым жоғарырақ.
Бұл арада Берлинде діни ұйғарыммен сүндетке отырғызудың ережелерін бекітті. Бұдан былай ата-аналар операция жасатуға хат жүзінде келісім беріп, оны діни нанымдары талап етіп отырғандығы туралы дәрігерлерді сендіруі тиіс. Өз кезегінде медицина қызметкерлері ата-аналарды операция жасатумен болуы мүмкін асқынулар және қауіптер туралы хабардар етуі қажет.